Екібастұз қаласында 2005-2006 жылы туған қыздар арасында волейболдан ҚР-ның көктемгі чемпионаты өтті. 22-29 наурыз аралығында өрбіген тартысты жарыста республика бойынша 9 команда бақ сынады. Ел біріншілігінде түркістандық волейболшылар 1-орынды иеленді.
Чемпион атанған команда Түркістан қалалық №4 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрамасы. Жаттықтырушысы — Нұржігіт Шектібаев. Турнирде «Бекзат» командасы атауымен тамаша ойын өрнегін көрсеткен жерлестерімізді спорт метебінің ұжымы, ата-аналар мен жанкүйерлер темір жол вокзалынан күтіп алды.
«Сіздердің жеңіспен оралғандарыңызды мақтан тұтамыз. Чемпион болу оңай емес, ал ол атақты сақтап қалу одан да қиын. Түркістан тарихында мұндай нәтиже болған емес. Яғни, тұңғыш рет қыздар арасында ел чемпионы атануларыңыз шынында біз үшін үлкен қуаныш. Жеңісті күндеріңіз көп болсын. Бұдан да биік белестерді бағындыруға тілектеспін», – деді спорт мектебінің директоры Болат Саттарханов.
Жалпы жарыс қорытындысында Алматы облысы 2-орынға тұрақтады. Ал, Павлодар облысының құрамасы үздік үштіктің сапында. Жарыс ұйымдастырушыларының шешімімен Шымкенттен келген команда 4-орын иегері атанды.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.