Самбошы Мөлдір Бейсембаева 1996 жылдан бері боз кілемнің шебері екенін дәлелдеп жүр. 2004 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы» атанған жан спортқа 4-сынып оқып жүргенде келген. 26 жылға жуық уақытта жеткен жетістігі жетерлік, 7 дүркін ел чемпионы. ҚР спорт шебері.
«1986 жылы 14-маусымда Түркістан қаласында тудым. А.Байтұрсынов атындағы мектеп табалдырығын аттап, 2004 жылы алтын ұямнан түлеп ұштым. 10 жастан бастап самбо, дзюдо күресімен айналысып келемін. Жаттықтырушым әрі өмірлік ұстазым – Әбсадық Халиллаев. 2004-2008 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің спорт және өнер факультетінде білім алдым. Спорт саласын дамытуға үлес қосып жүрген азаматшалардың қатарындамын. Бұйыртса, биік белестерді бағындыру жолында спорт залда тынбай тер төгеміз»,- деді Мөлдір Тастанбекқызы.
Жылдар бойы бірнеше салмақ дәрежесінде республика чемпионы болған спортшы Азия және Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері атанған. Бүгінде Мөлдір — Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-да және «Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-да бапкер.
Түркістан облысы бойынша самбодан жасөспірім қыздар командасының аға жаттықтырушысы шәкірттерінің де асқаралы асуларды бағындырып жүргенін сөз етті. Оның ішінде ел біріншіліктері мен Азия чемпионаттарында топ жарып жүрген Ұлбосын Әділова, Шолпан Алтынбек, Шахноза Абдукадирова, Сымбат Ермекбай сынды шәкірттерінің болашағынан зор үміт күтеді. 20-ға жуық балуанға тәлімгерлік ететін нәзік жанды жаттығу кезінде темірдей тіртіпті талап ететін тым қатал жаттықтырушы екенін жасырмады.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.