Түркістан қаласында білім беру саласы қызметкерлерінің қатысуымен Тамыз кеңесі өтті. Дәстүрлі конференцияға облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы, қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев және БАҚ өкілдері қатысты.
«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы кеңесте басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы мен спикерлер білім саласына қатысты баяндама жасады. Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова 2021-2022 оқу жылында атқарылған жұмыстар және жаңа оқу жылындағы міндеттер туралы атап өтті.
«ҰБТ тапсырған 1467 түлектердің 54% ЖОО-ға гранқа түскені ата-аналары мен ұстаздар үшін үлкен қуаныш. Жазғы демалыс кезінде «Балауса» лагерінде 6 ауысымда 900 баланың демалуы ұйымдастырылды. «Мектепке жол» акциясында демеушілер есебінен 1500-ге жуық бала киім-кешекпен және мектеп құралдарымен қамтамасыз етілді. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасатынын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де ұлғаятыны анық»,- деді Оразкүл Шайхықызы.
Жиын соңында өткен оқу жылының қорытындысы бойынша кәсіби шығармашылық жетістіктерге қол жеткізген озат педагогтар мен ардагер ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті. Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Кеңес жұмысы әр пән бойынша секциялық отырыстармен жалғасты. Пленарлық отырыстарда пән мұғалімдері өзара тәжірибе алмасып, жаңа оқу жылының жаңалықтарымен танысты.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 34 мемлекеттік, 19 жекеменшік мектеп, 110 мектепке дейінгі және 7 қосымша білім беру ұйымдары жұмысын бастайды. Биылғы 2022-2023 жаңа оқу жылында 6250 оқушы мектеп табалдырығын аттайды.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.