ТҮРКІСТАНДЫҚ КҮЙШІ ШҰБАЛШЫҢ ӨСІРУМЕН АЙНАЛЫСУДА

Соңғы жылдары ғалымдар жердің эрозияға ұшырап, құнарсызданғанын айтып дабыл қағуда. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өкілдеріне ауыр соғары анық. Топырақтың құнарлылығын арттырып, мол өнім алу үшін шаруалар калифорниялық шұбалшыңнан алатын биогумус тыңайтқышын пайдалануда. Қазір облыс аумағында шұбалшың өсірумен айналысатын кәсіпкерлердің саны артып келеді.

Түркістан қаласының тұрғыны Оңдасын Мәлікұлы шұбалшың өсіруді қолға алған жас кәсіпкерлердің бірі. Бір қызығы Оңдасынның негізгі мамандығы күйші. Шымкент қаласындағы саз-өнер колледжін тәмамдаған ол бүгінге дейін шәкірт тәрбиелеумен айналысқан. Кәсіпкерлікке толық көшпестен алдын биогумус тыңайтқыштарын пайдалану арқылы ауладағы жеміс ағаштарынан мол өнім алуды көздейді.

Айтуынша, биогумус тыңайтқышы қосылған топырақтан өнімді әдеттегіден 30 -40% ға көп алуға болады. Калифорниялық шұбалшыңдардың негізгі қорегі органикалық қалдықтар болып табылады. Ағаш қалдықтары және төрт түлік малдың қиымен қоректенеді. Шұбалшыңдар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, биологиялық тыңайтқыштарды өндіреді.

Шұбалшың өсіру шығыны аз, кірісі көп кәсіп түрі. Аядай аймақта кәсібін жүргізіп отқан Оңдасынның тыңайтқыштарын сатып алушылар еліміздің әр аймағында бар екен. Мәселен, өткен айда ғана Батыс Қазақстан облысына 12 қорабын жөнелткен. Одан бөлек Павлодар, Ақтөбе, Атырау мен Түркістан облысының шаруалары да көптеп тапсырыс беруде. Калифорниялық шұбалшыңдарға ылғал топырақтар өте қажет. Топырақтың ылғалдылығы оны қолға ұстап қысқан кезде су тамшылап тұратындай деңгейде болу керек дейді.

Шұбалшың өсіруде ескеретін тағы бір жайт, төрт түлік малдың жаңа тезегін тастауға болмайды. Қалдықтардың анағұрлым шірігенін тастаса шұбалшыңдар да жақсы қоректенеді. Қазір Оңдасын кәсібін әлеуметтік желі арқылы да жарнамалауда. Кәсіпкердің ендігі мақсаты «Бизнес Бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік білімін жетілдіру. Жоба грантының иегері атанған соң шаруашылық алаңын кеңейту ниеті де бар.

Бақдәулет АНАРБАЙ.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған