Түркістандықтар тағы бір мұқтаж отбасыға баспана сыйлап, қасиетті айда сауапқа кенелді. Атап айтқанда, «Бекзат» тұрғын алабында 1991 жылы туған азаматтар жұдырықтай жұмылып, бір отбасының қуанышына себепші болды. Бұл аталған аймақ тұрғындарының бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде жолға қойған үрдісімен сыйға берілген 6-баспана.
«Өмірзақовтар жанұсында үлкен қуаныш. Құрдастарымызбен игілікті іс атқарып, бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген жандарға қолдау көрсеттік. 4 бөлмелі үйді өз күшімізбен салып, барлық қажетті тұрмыстық техникамен қамтыдық. Отағасы Нұрғали жары Жансаямен бірге 4 перзентті тәрбиелеп отыр. Әрине, көпшілікпен бітер шаруаға ұйымшылдықпен үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдіреміз», – деді ұйымдастырушылардың бірі Ақболат Анашбеков.
Бұған дейін Бекзат Саттарханов атындағы мөлтек ауданның 1982 және 1983 жылы туған азаматтары 20 жылдық түлектер кездесу кешінде 2 мұқтаж жанұяға баспана сыйлаған болатын. Аға буын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша елге тағзым жасауда жастарға осылайша үлгі көрсетті.
Сонымен қатар, 1988, 1989 және 1990 жылы туған азаматтар да Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында 3 отбасының өз шаңырағы болуына мұрындық болған. Ал, 1992 жылы туған жігіттер де қайырымдылық эстафетасын келесі жылы жалғастыруға ниетті.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.