Түркістан облысында 69 мың шаруа қожалығы тіркелген. Оларда 170 мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл республикалық көрсеткіштің 32% құрайды. Сонымен қатар, облыста жаңадан 122 гектарға жылыжайлар салынып, өңірдегі жылыжай көлемі 1 467 гектарды құрады. Бұл туралы бүгінге брифингте Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Парламент отырысындағы мәлімдемесінде субсидия алуды жеңілдетуге, оның ашық болуы үшін бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы мақсатта өсімдік шаруашылығындағы 4 бюджеттік бағдарламаны 1 бюджеттік бағдарламаға біріктіруді ұсынудамыз. Бұл өз кезегінде нарық қажеттілігі мен баға тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында нақты қажет дақылдарды егуге бағытталған жоба болмақ» – деді Нұрбол Қарабайұлы.
Өткен жылы облыстың климаттық жағдайын ұтымды пайдалана отырып бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы іске асырылды. Жоба аясында 9 мың гектарда 2 878 жоба іске асырылып, нәтижесінде 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды. 2022 жылы 11 бағыт бойынша 33 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Мұндағы негізгі бағыттар жылыжай кешені, мал бордақылау алаңдарын және сүт өндіру көлемін арттыруға арналмақ.
Бөлісу батырмасы: