Дәурен Нарыбеков паралимпиада спортына 2005 жылы келген. 17 жылға жуық уақыттағы спорттық мансабында 3 дүркін ел чемпионы атанған. Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2011 жылы елімізде өткен қысқы Азия ойындарының алаугері болған азамат Шардара ауданының тумасы.
«Бала күнімде боксқа қызығып, шұғылдана бастадым. Арманым былғары қолғап шебері атану еді. 2000 жылы жылқыдан оқыста құлап, қол жарақатын алдым. Екі жыл бойы бірнеше рет жасалған ота нәтижесіз аяқталды. Дегенмен, тағдырдың сынағы рухымды сындыра алмады. 2004 жылы Шымкент қаласындағы мүгедектерге арналған кәсіби училищеде білім алдым. Спортқа деген құштарлығымның арқасында студент шағымда қол күресі мен гір тасын көтеруден қатарластарымнан оза шаптым»,- деді Дәурен Жақсыбайұлы.
Жігерлі жан Оңтүстік Корея, Франция, Голандия сынды мемлекеттерде мүгедектер арасында жеңіл атлетикадан өткен Әлем біріншіліктерінде бақ сынаған. Ал, БАƏ-нің Дубай қаласында өткен турнирде ұзындыққа секіруден қола медаль иелегенін мақтаныш тұтады.
Ол бүгінде бапкерлік саланың туын биік ұстап жүрген тұлғалардың қатарында. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысының мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубында жаттықтырушы. Жұмыс бабымен Келес ауданына қоныс аударған паралимпиадашы 30-дан астам спортшының жұлдызын жағу жолында еңбек етуде.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.