«Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ сайыпқырандары былтыр ел қоржынына 31 алтын, 25 күміс, 21 қола медаль салған. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мекемесінің құрылғанына 7 айға жуықтаған. Мұнда 18 спорт түрі бойынша жаттығатын 300-ге жуық спортшы бар.
«Өңірде жекпе-жек спорт түрімен айналысатын жасөспірімдерге облыстық Жауынгерлік өнер қауымдастығы тарапынан жағдай жасалуда. Спортшылардың қанаты қатайып, бұғанасы беки түскенде Жоғары спорт шеберлігі мектебінің қолдауын көреді. Жастайынан спортқа бейім жандардың ересек болғанда спортты тастап кетпеуіне көңіл бөлу біздің негізгі мақсатымыз»,- деді мекеме директоры Самат Рысбеков.
Айта кетейік, облыстық Жауынгерлік өнер қауымдастығы мен Жоғары спорт шеберлігі мектебі Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту бағытында бірлесіп еңбек етеді. Қазіргі таңда спорт мектебінің спортшылары республика біріншілігі мен әлем чемпионаттарына дайындық үстінде.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.