РУХАНИ АСТАНА — «МЕЙІРІМ МЕКЕНІНЕ» АЙНАЛМАҚ

Түркістан қаласында бір топ жастар мейірім мен ізгілікті дәріптеуге кірісті. Олардың қатарында қоғам белсенділері, «Асар» еріктілер ұйымы мен «Тайқазан»» қоғамдық қайырымдылық қорының жас мүшелері де бар. Жаңа бастаманы қолға алушылардың негізгі мақсаты – өз айналасына мейірім шуағын шаша отырып, көпшілікті жақсылық жасауға шақыру. Сондай-ақ, ұйымдастырушы жастар «Мейірімді әлем менен басталады» атты ұранмен «Әр күнімде – 5 жақсылық» марафон-акциясының басталғанын хабарлады. «Бұл – қайырымдылық акциясы емес. Ізгілік пен жақсылық жаршысы» – дейді еріктілер.

«Ұлы сапар – алғашқы қадамнан басталады демекші, жастарымыздың осындай идеясына қалай қуанбайсың?! Айналамызда, әсіресе әлеуметтік желілерде үрей туғызатын жазбалар аз емес қазір. Олай болса, мейірімді әлемнің өзімізден басталатынын ұмытпай, әр күнде ізгі әрекетіміздің ізін қалдыруға асығайық және қала тұрғындарын игі бастамаға атсалысуға шақырамын»,- дейді Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гауһар Нұрмаханқызы.

Сонымен қатар бұл бастама әлеуметтік желі парақшаларында алғашқы күннен-ақ қызуға талқыға түсіп жатыр. «Мейірімділік мекені болуды акция ретінде алғаш қолға алған Түркістан қаласының тұрғыны болғаныма қуаныштымын #Мейірімдіәлемменен_басталады! Бізден бастау алады!» дейді қала тұрғыны, ұстаз Жансая Шорабекова. Осылай қуаныштарын жеткізіп, желі қолданушылары көптеп пікір қалдыруда.

Тамшыдан алып тауға айналатынындай, күнделікті қарапайым әрекеттер арқылы қоғамға өзгеріс алып келеді деуге болады. Ұлттық тәрбиенің негізі де, асыл дініміздің талабы да жақсылыққа шақырады. Ол тек садақа берумен не болмаса қайырымдылық жасаумен шектелмейді. Шағын мемлекет саналатын отбасындағы мейірімді сақтауға, көршіге көмектесуге, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізгілікті үлгі етуге, өз қаласына сонымен қатар табиғатқа жанашырлығын іспен дәлелдеуге асыққан жастар барда қасиетті қала «Мейірім мекеніне» айналары анық.

Сөз соңында айта кетейік, аталмыш акцияның нәтижесін әлеуметтік желілердегі #МейірімМекені #Түркістан хештегі арқылы бақылап, сіз де үлес қоса аласыз дегім келеді, қымбатты оқырман!

Тұрсынай ШӘМЕТОВА. 

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған