«Облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы» КММ-сі аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сай былтыр қазан айында жұмысын бастады. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт клубында 130-ға жуық спортшы бар.
«Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандармен тығыз қарым-қатынас жасап, салауатты өмір салтын ұстанып, насихаттауда бірлесіп жұмыс атқарамыз. Спортқа жаны құмар жандардың басын қосып, бұқаралық спортты жандандыру бағыты дами түспек. Тек паралимпиада чемпионы атану үшін ғана емес, өңірдегі жігерлі тұлғалардың өмірге деген құштарлығын ашудың өзі жетістік. Биылғы жыл берекелі жылға айналсын», – деді мекеме директоры Абай Қазиев.
«Сауран» спорт клубының ұжымы «Olympic Center» спорт кешенінде орналасқан. Мұндағы паралимпиада, сурдлимпиада, үстел ойындары, арнайы олимпиада спорт бөлімдерінде 26 жаттықтырушы еңбек етуде.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.