ТҮРКІСТАНДА ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН САУДА КЕШЕНІ АШЫЛАДЫ

Түркістан қаласында келер жылдың қаңтар айында тұтынушылар мен тауар өндірушілерді тікелей байланыстыратын «Grand Bazar Yassy & EcoBazar» сауда орталығы ашылады. Сауда нысанының басты ерекшелігі – жергілікті тұрғындар мен келушілерге кез келген тауарды ешқандай делдалсыз көтерме бағада ұсынатын болады. Бұл туралы бүгінгі брифингте кешеннің бас директоры Бақнұр Аюбек мәлімдеді.

«Бүгінде диқандар өз өнімдерін алып-сатарларға тым арзан бағамен өткізуде. Ал, арадағы алып-сатушылар өзара келіскен түрде азық-түлік бағасын жасанды көтеріп жатады. Бағаны тұрақтандыру үшін – өндірушінің өнімді халыққа тікелей ұсынуына қолайлы жағдайлар жасау қажет. Түркістан қаласында осындай ауқымды жобаның іске қосылуы – бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосады» – дейді кешеннің бас директоры.

Сауда кешенінің жалпы аумағы – 14 гектар. Онда 3000-ға жуық сауда орындары бар. Базар аймағында тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қоймалар қарастырылған. Сондай-ақ, қонақ үй, демалыс орындары, ойын-сауық кешендері мен фудкорт бар. Айта кетерлігі, кешенде халыққа тиімді бағада азық-түлік ұсынуды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» ӘКК АҚ ұйымдастыруымен 2-3% жеңілдетілген несие берілетін болады.
Бұдан бөлек, орталық жанындағы автовокзалдан Ташкент, Самарқан, Бішкек, Хиуа және өзге де халықаралық және республикаішілік бағыттарға қоғамдық көліктер қатынайды.

Сонымен қатар, 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Түркістанның ауқымды ресурстық базасын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескере отырып, өңірімізде түркі елдерін біріктіретін «Арнайы экономикалық аймақ» құруды ұсынған болатын. Осы бастаманың негізінде бүгінгі таңда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан қаласында «ТҰРАН СЭЗ» арнайы экономикалық аймағы құрылып отыр. Осы арнайы экономикалық аймаққа Түркістан халықаралық әуежайы мен Экобазар аумағы, сонымен қатар солардың маңындағы өзге де жерлер кіреді.

«ТҰРАН СЭЗ» арнайы экономикалық аймағы түркі мемлекеттерінің бизнес өкілдерімен қатар өз еліміздің де кәсіпкерлері үшін сауда-саттық, туризм, ақпараттық технологиялар, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп саласында кең мүмкіндіктер туғызатын алаң болғалы тұр. Онда 50 мың АҚШ долларына дейінгі сомадағы тауарлар баж салығынсыз кіргізіледі. Дайын өндірістік орындар, қатысушы елдер валюталарының кедергісіз айналымы, кеден дәліздерінің жүк көліктерін жылдамдатып өткізу қабілетінің жоғары болуы – мұның барлығы кәсіпкерлер үшін қарастырылып отырған қолайлы жағдайлар. Осы орайда, еліміздің барлық кәсіпкерлері өздері үшін жасалып отырған аталған мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, ел экономикасын арттыруға үлес қосулары маңызды.

Сондай-ақ, кешен әкімшілігі ұсынып отырған тағы бір жаңалық – «1224» платформасы. Бұл жоба арқылы әрбір азамат кез келген тауарды өндірушінің бағасымен мобильдік қосымша арқылы тапсырыс беріп, үйіне дейін жеткізу қызметін пайдалана алады. Бұл қызмет те сатып алушылар үшін өте тиімді, қажетті.

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған