ТҮРКІСТАН ЖАҢА МӘДЕНИ ДАМУ КЕЗЕҢІНДЕ

Түркістанда еліміздегі теңдесі жоқ заманауи кітапхана, жаңа технологиямен жабдықталған мұражай және алғашқы қойылыммен елді елең еткізген театр бой көтерді. Түркістанның мәдени жауһарына айналып үлгерген ғимараттардың барлығы рухани шаһарға туристер тарту үшін ғана емес қаланың бай мәдениетін көрсету мақсатында салынған. Яғни ғасырлар бойы дамыл таппаған Түркістан қазір бай мәдениеттің орталығына айналуда.

Мысал ретінде қаламыздың жаңа әкімшілік – іскерлік аймағында бой көтерген Конгресс Холл көпсалалы кешенін алайық. Конгресс Холл көпсалалы кешені – концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да шараларға арналған көпфункционалды мәдени нысан. 
Конгресс холл көпсалалы кешені Түркістан қаласындағы қазіргі заманға сай әлеуметтік-мәдени ошақтарының бірі. Сондықтан, біздің мекеме Түркістан шаһарының дамуына айтулы үлесін қоса беретін болады. Атап айтсақ, тұрғындардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін хореография би бөлімі, фитнес залы бар.

Еліміздің келешегі жас жеткіншектеріміздің бойына ұлттық сананы қалыптастыру және олардың ойын дамыту үшін балаларға арналған арнайы бөлме қарастырылған. Әртүрлі мәдени іс-шаралар болғанда әртістерге арналған гримм бөлмелері, тіпті керек десеңіз, бізде үлкен мейрамхана да халыққа қызмет көрсетеді. Осы аталған әрбір үйірме, қызмет көрсету орындары да жаңарған Түркістанның, киелі өлкеміздің тұрғындарының игілігіне қызмет етеді. 

Сонымен қатар, шығармашылық ұжымдарға арналған екі залда камералық, симфониялық, халық аспаптар т.б. оркестрлерінің жұмыс жасауына жағдай жасалған. Сондай-ақ, заманауи техникалармен жабдықталған кәсіби дыбыс жазу студиясы бар. Ішкі қабырғалары акустикалық арнайы дыбыс жұтқыш материалдармен көмкерілген. Студияға қазіргі заман талабына сай сандық (цифрлық) аппаратуралар орнатылған.
Бұрын киелі шаһар негізінен дін мен тарихтың, руханият пен қолөнердің орталығы ретінде танылып келсе, қазір Түркістанның жаңа мәдени даму кезеңі басталды. Өз кезегінде Конгресс холл көпсалалы кешенінің де көне шаһардың мәдениетін дамытып, тарихын танытуға тигізер пайдасы зор болмақ. Екі жылдың өзінде бұл орталықта түрлі мәдени іс-шаралар мен халықаралық өнер фестивальдерін ұйымдастырылып келеді. Қалай алып қарасақ та күллі талап атаулының үдесінен шыға алатын Конгресс Холл Түркістанның көркіне көрік қосып, тарихи мекен мәдениетінің қайнар көзіне айналары хақ.

Жансая Еділ, 
Конгресс Холл көпсалалы кешенінің шығармашылық бөлім әртісі. 

Бөлісу батырмасы:
Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған